Протагор

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Демокрит (ортада) және Протагор (оң жақта), Сальватор Роза, ХІVғ. Эрмитажда сақталған.

Протагор (көне грекше: Πρωταγόρας, б. з. д. 490 ж.  — б. з. д. 420 ж.)[1] - Ежелгі Грек философы.

Өз дәуірінің ең әйгілі ұстазы болған, ол кезде философиядан, стилистикадан, риторикадан, этикадан сабақ беріп жастарды тәрбиелеуші ұстаздарды софист деп атаған. "Софист", яғни қазақшасы "даналар" дегенді білдіреді. Әдетте, философия сөзі фило - ғашық болу, софия - даналық сөздерінен тұрады. Осындағы софия негізінде софистика сөзі жасалған. Протагор өте шешендігімен, релятивизмдік жүйелі көзғарастарымен талай шәкірт тәрбиелеп, үлкен құрметке бөленген. Платон Протагор мен Сократтың сұқбаты туралы «Протагор» диалогін жазған. ОЛ туралы Аристотель де жазып қалдырға.[2]

Протагор өмірі және өлімі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Сурет:Protagoras.jpg
Үлкен софист Протагор

Протагор Фракияның Абдера қаласында туған. Платон өзінің «Протагор» деген диалогында оны Сократтың әкесіндей адам етіп түсіндіреді. Демек ол шамамен б. з. д. 490 ж. туған болуы мүмкін.[3]

Өз өмірінің үлкен бөлігін Протагор Италияны, Сицилияны кезіп өткізген. Протагар аса көрнекті софист болса да, ол өзінің атында мектеп ашпаған.

Протагор әйгілі Афина билеушісі Периклдің досы болған.[4] Кейбір деректерде ол Периклдің ұстазы болған деп те айтылады. Ойшылдар өмірінен көп сыр шерткен әйгілі тарихшы Плутархтың жазуынша, Перикл мен Протагор бір күн уақытын шығарып қызықты "заңдық жауапкершілік" мәселесін талқылаған екен:[5][6]

"Жеңіл атлетикада кенет біреудің атқан найзасы абайсызда біреуге тиіп өліп кетсе, оның қылмыстық жауапкершілігін найзадан көру керек пе, әлде найза лақтырған адамнан көру керек пе, әлде осы жарысты ұйымдастырған басшылықтан көру керек пе?"

Кейін оның бүгінге жеткен нақылы "Құдай бар ма, әлде жоқ па, мен мұны білмеймін. Мәселе күрделі, өмір шекті" — деген нақылы себеп болуы мүмкін, "Құдайға құрмет етпеді" деген айыппен алыс аралға сүргін етіледі. Аралға бара жатқанда қайықта теңіз ауыруымен ауырып қайтыс болады. Ол тарихтағы Сократ секілді өз идеясы себепті жазаланған ойшылдардың бірі есептеледі. Платонның «Менон» диалогінде ол қырық жыл Софистер болғанын атап өтеді және ол 70 жасында қайтыс болғанын айтады.[7] Демек бұл оқиға б. з. д.420ж. болуы мүмкін.

Кітаптарының өртелуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Диоген Лаэртстің айтуынша, Протагордың Құдайды тани алмадым[8] дегені Афинада қатты наразылық туғызып, оны Афинадан қуалатып, кітаптарын ортетіп тынады. Оның өзі сол қудалауда теңізде қайтыс болады. Цицерон да осыны растайды.[9] Бірақ классика зерттеушісі Джон Барнетт күдік келтіреді. Өйткені Диоген де, Цицирон да Протагордан неше жүз жыл кейін жасаған болатын. АЛ, Протагордың замандастарынан ешкім бұл оқиғаны, бұл философтың соншылық қатал жазаға ұшырағаны туралы ештеңе айтпайды.[10]

Протагордан жеткен екі нақыл

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Протагор туралы ақпарат біздің заманымызға жетпеді деп айтуға болады. Оның шығармалары да қалмады. Барлығы өрттің, кемелердің апатқа ұшырауының нәтижесінде жоқ болып кетті. Оның ілімдері негізінен Платон және Диоген Лаэртстің жазулары бойынша қалпына келтірілді.

Протагордан екі нақыл сөз бізге жеткен.

1. Πάντων χρημάτων μέτρον ἐστὶν ἄνθρωπος: τῶν μὲν ὄντων ὡς ἔστιν, τῶν δὲ οὐκ ὄντων ὡς οὐκ ἔστιν.

Адам барша нәрсенің өлшемі. Ол бар нәрсенің бар болуының өлшемі, жоқ нәрсенің жоқ болуының өлшемі.

2. Περὶ μὲν θεῶν οὐκ ἔχω εἰδέναι οὔθ' ὡς εἰσίν, οὔθ' ὡς οὐκ εἰσίν· πολλὰ γὰρ τὰ κωλύοντα εἰδέναι, ἥ τ' ἀδηλότης καὶ βραχὺς ὢν ὁ βίος τοῦ ἀνθρώπου.

Құдай бар ма, әлде жоқ па, бар болса қандай, мен мұны білмеймін. Өйткені өмір шекті, мәселе күрделі.

Протагор филосфиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Протагор этика мен саясаттың байланысына айырықша сәп салған. Ол Сократтың тума этика, тума адамгершілік туралы іліміне қарсы болып, “этиканы үйретуге болады”, “адамды тәрбиелеуге болады” дегенді жақтады. Сократ этиканы ешкім үйрете алмайды дегенді дәріптеген болатын. Ол басқа софистердің түрлі қағытпа, тығырыққа тірейтін сөздерінен өзгеше түрде адамзаттық құбылысқа мән берді. (мысалы, тіл және тәрбие мәселесінде). Оның жоғарыдағы бірінші нақылы Сократқа дейінгі ойшылдардың бізге жеткен нақылдарының қалдықтары секілді не басы, не аяғы жоқ, не түсіндірмесі жоқ болғандықтан, әркім әртүрлі түсіндіріп, сан саққа жүгіртумен келеді. Платон оны релятивизм (салыстырмалылық) ойшылы ретінде суреттейді. Бірақ ол Құдай туралы, дүниенің арғы ақиқаты туралы агностиктік (білуге болмайды) идеясын ұстанады.[11][12]

Протагор туған Абдера қаласының орыны

Бірде бір жас Протагордан шешендік өнері — риторика үйренуге келіпті. Протагор әлгі шәкірітке: "Жарайды, сен менен үйрен. Әбден үйреніп болған соң екеуіміз пікірталас жасаймыз. Егер сен жеңіліп қалсаң маған көп ақша төлейсің. Өйткені жеңілдің ғой. Ал егер мені жеңіп кетсең онда тағы көп ақша төлейсің, өйткені менің үйреткенім ес қатып жеңіп тұрсың ғой" — депті. Шәкірт те бос келмей былай деп қасарысыпты: "Жоға, ол қалай айтқаныңыз? Жеңіп кетсеңіз ақша төлемеймін, өйткені сіз нашар үйретіп жеңіліп қалған боламын. Ал, жеңіп кетсем тіпті ақша төлемеймін, жеңгендер ешқашан ақша төлеген емес," — депті.

Бұл қалжыңға толы парадоксі оның релятивизмін де ап анық көрсетіп тұр, бәрі айтушыға, сезушіге, сол адамның өзіне байланысты. Біреулер үшін салқын бөлме, енді біреулер үшін жылы, теңіз суы балыққа тәтті, адамға ащы, дүние әркімнің сезіну мүмкіндігіне қарай түрліше танылады. Ал, бірбүтін әлем адамның сезім, таным ерекшелігі бойынша ғана танылады. Сондықтан объективті ақиқат деген бірдеңе жоқ, бар болса да тани алмаймыз, біздің тани алатынымыз адамға байланыстылары ғана.

"Адам дүниенің өлшемі. Ол бар нәрсенің бар болуының, жоқ нәрсенің жоқ болуының өлшемі." Протагордың бұл нақылы қазіргі заманға дейін құнын жоймаған әйгілі түйінсөздің бірі есептеледі және ол туралы таласты пікірлер философия тарихынан көптеп кездеседі.

Кейбір деректерде, ұстаз-шәкірт арасындағы бұл дау риторика атасы Коракс пен шәкірті Тисий арасында болған делінеді. Олар осы тұрғыда сотта дауласып, ақыры судия бұл екеуін соттан қуып шығыпты: "жаман қарғаның жаман жұмыртқасы" деп. Коракс грекше "қарға", ал Тисий "жұмыртқа" болса керек.

Протагор шығармалары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ежелгі римдік қалалар орыны

Оның бірнеше кітап жазғаны тарихи жазба деректерде көрсетілгенімен, бірақ олардан тым аз бөлгі (жоғарыдағы бірнеше нақыл) бүгінге жетті. Оның "адам дегеніміз өлшем" (ἄνθρωπος μέτρον) деген пікірі «Антилогея және ақиқат» (Antilogiae and Truth) кітабынан бізге жеткен жалғыз ауыз сөз. Бұл кітабынан басқа да кітаптары болғаны туралы Диоген жазып қалтырады: Құдай туралы, пікірталас туралы, императив (парыз), менмендік туралы, адам іс әрекетіндегі қателіктер туралы, тозақтағылар (аид) туралы, ғылым туралы, адамгершілік туралы, заттың түпнұсқасы туралы, артық төлем туралы... дегендер айтылады.

Ай шарында

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ай шарында Протагор атты үлкенірек ұяшық бар.

Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Protagoras

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Guthrie, p. 262–263.
  2. The Sophists (Stanford Encyclopedia of Philosophy). Stanford Encyclopedia of Philosophy. Тексерілді, 1 мамыр 2012.
  3. Plato, Protagoras, (319a)
  4. O'Sullivan, Neil. (1995) "Pericles and Protagoras". Greece & Rome, Vol. 42 (1): 15-23
  5. Guthrie, p. 263.
  6. Plutarch, Life of Pericles
  7. Plato, Meno, 91e
  8. (80B4 DK)
  9. Cicero, de Natura Deorum, 1.23.6
  10. John Burnet, "Greek Philosophy: From Thales to Plato", 1914
  11. Poster, Carol Protagoras. Internet Encyclopedia of Philosophy (2005). Тексерілді, 22 қазан 2013.
  12. Mattey, G.J. Protagoras on Truth. Тексерілді, 22 қазан 2013.